Инновациялық педагогикалық технологиялар

 

Инновациялық педагогикалық технологиялар: анықтамасы, сипаттамасы, түрлері.

Ғылым адам баласы ой-санасының, дүние танымының өсуіне байланысты бірте-бірте дамып, қалыптасады. Ғылымның алуан түрі бар. Соның бірі – оқытудың жаңа технологиялары ғылымы. Оқытудың жаңа технологиялары ғылымның бір саласы ретінде педагогика ғылымының құрамына енеді. Оқытудың жаңа технологиялары – тарихи жағынан дамыған, жетілген, теориялық негізі қалыптасқан, белгілі бір ғылыми жүйеге келген ғылым.

«Жаңа оқыту технологиялары» пәнінің зерттейтін обьектісі, мақсаты, зерттеу әдістері қалыптасқан жүйесі бар. Оқытудың жаңа технологиялары, ең алдымен, оқу үдерісін қалай басқаруға болады, соңғы мақсатты нәтижеге қалай жетуге болады, нені үйрету керек, қандай тиімді әдіс-тәсілдер арқылы үйретуге болады деген мәселелерді қарастырады.

Сондай-ақ оқытудың жаңа технологиялары – тиімді әдіс-тәсілдер мен амалдарды, оқушыға білім берудің, оны меңгертудің жолдарын үйрететін ғылым. Мұғалім теориялық білім беру арқылы оқушының өзін қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастырады, Отанына шын берілген нағыз патриот, азамат етіп тәрбиелейді. Ондай дағды мен білім, тәрбие беру жаңа технологиялар арқылы оқыту кезінде іске аспақ. Сонымен бірге технология мұғалімді педагогиканың қыр-сырымен жете таныстырып қана қоймайды, пәнді тиімді оқыта отырып, өзінің мамандығын құрметтеуге тәрбиелейді. Яғни, ғылыми дәлелденген, мектеп тәжірибесінен сыналған ең тиімді оқытудың әдістері мен тәсілдерін оқыту барысында пайдалануға мүмкіншілік жасайды. Сайып келгенде, технология мұғалімнің творчестволық тұрғыдан жұмыс істеуіне бағыт берумен бірге, сабақ берудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеруге көмектеседі.

Оқытудың жоғары әсерлі технологияларын енгізу арқылы оқу материалын меңгерту нәтижесін арттырып қана қоймай, тіл үйренушінің тұлғалық дамуын да қамтамасыз етуге болады. Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерге талдау жасай келе, педагогикалық технология мәселесі ХХ ғасырда көптеген дискуссиялар мен ғылыми тартыстар тудырғанын байқауға болады. Ұлы ғалымдардың оқу үдерісін технологизациялау мәселесіне тоқталмай өткені кемде-кем. Қазіргі кезде «педагогикалық технология» ұғымы  педагогикалық лексиконға мықтап еніп, оқыту теориясына кеңінен тарады.  Білім беру саласында ақпараттық-коммуникациялық, интерактивті технологияларды қолдану оны жаңаша технологиялық сатыға көтеруге мүмкіндік тудырып отыр.

Ғылыми әдебиеттерде «педагогикалық технология» терминін түсіну мен қолдануда бірізділіктің жоқтығы байқалады. Аталған мәселеге қатысты анықтамаларды жинақтар болсақ, педагогикалық технология дегеніміз – алдыға қойған мақсатқа жету үшін, таңдап алынған форма, әдіс, оқу тәсілдерінің тиімділігін және ағымдық нәтижелерді тексеру мен бағалау үшін оқу үдерісін басқарудың әдістері мен құралдарының жүйесі. Технология – оқытудың жоспарланған нәтижесін бағдарлау; оқыту модельдерінің жиынтығы; берілген нақты шарттарда тиімді модельді таңдап алудың өлшемдерінен тұратын кешен.

«Педагогикалық технология – оқыту, тәрбиелеу және дамыту шарттарының міндетті жиынтығын тудырушы, білім берудің біртұтас концептуалды негізі, мақсаттары мен міндеттері төңірегінде біріккен оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың өзара байланыстағы тәсілдері, формалары мен әдістерінің жүйесі».

Педагогикалық технологияның құрылымын Г.К.Селевко былай түсіндіреді:

А) Концептуалды негіз;

Б) оқытудың мазмұндық бөлігі:

– оқытудың жалпы және нақты мақсаттары;

– оқу материалының мазмұны;

В) Үдерістік бөлімі – технологиялық үдеріс:

– оқу үдерісін ұйымдастыру;

– оқушылардың оқу әрекетінің әдістері мен түрлері;

– оқытушы жұмысының әдістері мен түрлері;

– оқытушының материалды меңгерту үдерісін басқару әрекеті;

– оқу үдерісінің диагностикасы.

Кез келген технологияны оқу үдерісіне енгізуде міндетті түрде орындалуға тиісті басым шарттар болады. Қазақ тілін оқытуға қатысты шарттарға тоқталатын болсақ:

Біріншіден, оқу үдерісіне енгізілетін технологияның теориялық және әдістемелік негіздерінің қалануы, аталмыш технологияны жан-жақты зерттеген ғылыми-әдістемелік еңбектердің болуы шарт.

Екіншіден, сол технологияны сабақ және сабақтан тыс уақытта жүзеге асыруға толық мүмкіндік тудыра алатын, Оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуіне ыңғайлы, заманауи талаптарға жауап беретін ақпараттық-коммуникациялық техникалармен жабдықталған зертханалар мен оқу-тренинг залдарының болуы аса маңызды.

Үшіншіден, сол технологияға бейімделіп жазылған оқу-әдістемелік кешендердің: тұжырымдама, стандарт, типтік бағдарлама, оқулық, оқу құралдары, оқу әдістемелік және көрнекілік құрал-жабдықтардың, электронды білім ресурстарының жеткілікті болуы;

Төртіншіден, және аса маңыздысы, қолданылатын технологияның биік шеберлік шыңын толық меңгерген, технологиямен жан-жақты қаруланған оқытушының болуы.

Жаңа оқыту технологияларына тән басты екі түрлі ерекшелік бар:

1) жаңа педагогикалық технологиялар тіл үйренушінің тілдік тұлғасын дамытуды басты міндет етіп, олардың оқу уәждемесі мен құзыреттілік деңгейіне  байланысты өз бетімен білім алуына интерактивті әдістер арқылы дағдыландырады;

2) дәстүрлі сабақтардағыдай тіл үйренуші – білімді оқытушыдан қабылдаушы объект емес, өз бетімен білім ала алатын, өзін-өзі дамытуға мүмкіндігі бар субъект деп қарап, оқу үдерісін соған лайықтап ұйымдастыруға бет алады.

Жаңа педагогикалық технологияның дәстүрлі әдістемеден басты айырмашылығы – оның оқыту объектісін меңгертуде педагогикалық үдерістің тұтастығын көздеуі. Қазіргі уақыттағы жаңа оқыту технологияларының, жаңаша білім беру үдерістерінің аса қарқынды дамуы дидактикадағы оқыту мазмұны деген компоненттің дұрыс шешілуіне көп байланысты.

Педагогикалық технологиялар тек ақпарат беру ғана емес, құбылысты түсіндіру, дәлелдеу және логикалық қорытынды жасауға негізделеді. Технологияларды педагогикалық тұрғыдан құрастыру төмендегі шарттар негізінде жүзеге асады:

–       Ақпараттың логикалық құрылымының оқу мазмұнына сай болуы;

–       Ақпарат көлемі мен оны ұсынудың дидактикалық бірліктерінің өзара сәйкестігі;

–       Таным үдерісінің жоғары өнімді деңгейде болуы;

–       Оқытудың жеделдете жүргізілуі;

–       Дамытушылықтың тиімді жүзеге асуы;

–       Технологияның бейімділігі;

–       Оқытушы – тіл үйренуші жұмысының синхрониясы;

–       Ақыл-ой және дене күшіне түсетін жүктеме мөлшерінің сәйкестілігі.

Педагогикалық технология тіл үйренуші мен оқытушының оқу үдерісін жобалап және ұйымдастыруда бірігіп қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызатын, жан-жақты ойластырылған педагогикалық іс-әрекеттің үлгісі. Бұл – педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім, амалдар мен әдіснамалық құралдардың жүйесі, жиынтығы және жүргізілу реті, оқыту мақсаттарына жету жолында сабақ үдерісін ұжымдық әдіс арқылы ұйымдастыру.

Педагогикалық технология дегеніміз:

–         өнер, шеберлік, біліктілік, әдістемелер жиынтығы;

–         адамның ойына және іс әрекетіне байланысты мәдени ұғым;

–         өте маңызды сапа мен дағдының интеллектуалды сарапталуы;

–         оқыту барысында мақсатты, алдын ала ұйымдастырылған педагогикалық тұрғыдан әсер етуді қалыптастыру;

–         оқытудың нақты нәтижесіне жетудің кепілді құралы;

–         іс жүзіне асырылатын нақты педагогикалық жүйенің жобасы;

–         теория мен практика зерттеуін ұштастыру және оның нәтижесін көру құралы;

–         шарттары белгіленген нақты оқыту жүйесі.

Оқытуда педагогикалық технологияларды қолдану оқушылардың ойлау-танымдық және сөйлесім әрекеті еркіндігін қамтамасыз етеді. «Қазақ тілінен әдістемелік технология – білім берудің тиімдірек формаларын іздеу, табу, олардың өзара әсерлерін есепке ала отырып, оқыту, білім игеруді жоспарлау, соны жүзеге асырудың және бағалаудың жүйесін құрайды». Қазақ тілін үйрету үдерісіне жаңа технологияларды енгізу көптеген андрагогикалық, акмеологиялық, аксиологиялық мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Ол дидактикалық және психологиялық ұстанымдарды жүзеге асыруға жағдай жасайды. Атап айтар болсақ, тіл үйренушінің оқу-танымдық уәждемесін арттыруға, оқу материалын логикалық тұрғыдан сезінуге, жүйелілікке, көрнекілікке, жеке, топпен және өздік жұмыстар істеуіне ықпал етеді.

Технологияларды педагогикалық тұрғыдан құрастырудың шарттары:

–       ақпараттың логикалық құрылымының оқу мазмұнына сай болуы;

–       таным үдерісінің жоғары өнімді деңгейде болуы;

–       оқытудың жеделдете жүргізілуі;

–       дамытушылықтың тиімді жүзеге асуы;

–       технологияның бейімділігі;

–       оқытушы – оқушы жұмысының синхрониясы;

–       ақыл-ой және дене күшіне түсетін жүктеме мөлшерінің сәйкестілігі.

Педагогикалық технология – білім берудің тиімдірек формаларын іздеу, табу, олардың өзара әсерлерін есепке ала отырып, оқыту, білім игеруді жоспарлау, соны жүзеге асырудың және бағалаудың жүйесін құрайды.

Қазіргі заманғы педагогикалық технология төмендегідей негізгі әдістемелік талаптарға сай болуы тиіс:

1) Технологиялық сызба (карта) технологиялық үдерістің оны жеке функционалды бөліктерге бөлу және олардың арасындағы логикалық байланыстарды белгілеу арқылы көрсететін шартты бейнесі болуы қажет.

2) Әр педагогикалық технология тәжірибеде игерудің белгілі бір ғылыми тұжырымдамасына негізделуі тиіс: білім беру мақсаттарына жету үдерісінің ғылыми негіздемесі болу керек.

3) Педагогикалық технологияның барлық жүйелік сипаттары: үдерістің логикасы, барлық бөлшектерінің өзара байланысы, тұтастығы болуы қажет.

4) Оқу үдерісін жобалау, жоспарлау, мақсатын анықтау мүмкіндіктері ескерілуі керек: кезеңді диагностика, нәтижелерді түзету мақсатында әдістер мен құралдарды түрлендіру мүмкіндігі қаралуы қажет.

5) Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар бәсекелестік жағдайда қызмет етеді. Сондықтан, белгілі білім стандартына сай нәтижелі оқыту кепілдігін беріп, нәтижесі тиімді, шығыны аз болуы керек.

6) Педагогикалық технологияны басқа білім беру мекемесінде басқа субъектілердің де қолдану мүмкіндіктері ескерілуі керек, яғни кең дәрежеде қолданылатындай болуы тиіс.

Педагогикалық технология оқу үдерісінің қойылған мақсатқа жетуіне кепілдік береді. Мақсатқа жету үшін қайтарымды байланыс болуы керек. Соған байланысты оқытуға технологиялық қатынаста төмендегідей шарттарды көрсетуге болады:

а) мақсат қою және нақтылау, мақсатты нәтижеге табысқа жетуге орай айқындау;

ә) ағымдағы нәтижені бағалау, қойылған мақсатқа жету жолында оқытуды өзгерту;

б) нәтиженің қорытынды бағасы.

Мектепте оқыту технологиясы оқыту үдерісіне қажетті психологиялық – педагогикалық іс-әрекеттердің жүйелі кешені – әдіс, тәсіл, амал, дидактикалық талап ретінде пайдаланылады. Ол оқушылардың тәртібіне,  оқуға ынтасына, іс – әрекетіне игі әсер етеді және сонымен бірге, мұғалімдердің педагогикалық іс тәжірибесінің нәтижелігінің тиімділігін қамтамасыз ететін оқу тәрбие үдерісінің құрамдас бөлігі болып табылады. Жалпы білім беретін мектептер үшін педагогикалық технология мынадай төрт басты шартты қанағаттандыруы тиіс:

а) педагогикалық технология оқытудағы педагогикалық экспромттарды жоюы қажет. Оқу үдерісінің нәтижелі болуына 100% кепілдік беруі қажет;

ә) оқушының өз бетімен жасайтын оқу танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұнын анықтайтын оқу тәрбие үдерісінің жобасына негізделуі қажет;

б) оқу мақсатын диагностикалық нәтиже беретін жолмен анықтап, оның меңгерілу сапасын дәл тексеріп бағалауды қажет етеді;

в) практикада оқу үдерісінің толықтығын қамтамасыз етілуі тиіс.

Қазіргі таңда білім беру ісін реформалау “ізгілендіру парадигмасы” негізінде білім берудің мазмұнды – әдістемелік негізін жүйелі өзгертуін ғана емес, сонымен бірге логикалық – әдістемелік негізді жаңартуды анықтауды, педагогикалық жүйенің жаңа парадигмасын жетілдіруді қажет етеді.

Дəстүрлі оқу жүйесін жаңалау бағыты (модернизация): оқушы іс-əрекетінің белсенділігін көтеру жəне жеделдестіру технологиясы; мұғалім жəне оқушы арасындағы қатынастарды адамиластыру мен демократияластыру негізінде жасалған технология; оқу материалын дидактикалық қайта түзуге негізделген технология жəне т.б.

Оқу технологиясының топтастырылуы, сонымен бірге, нақты кезеңде басым болған мақсаттар мен міндеттерге, оқуды ұйымдастыру формасының қолданылуына, дəл кезеңде қажет болған əдістерге жəне басқа да негіздемелерге тəуелді келеді.

Оқу технологиясын оқу əдістемесінен ажырата білген жөн. Олардың бір-бірінен айырмасы – оқу технологиясын қайталап, көбейте таратуға болады. Қай жағдайда да технология өзіне сай түзілген оқу процесінің жоғары сапасына жəне педагогикалық міндеттердің табысты шешілуіне кепіл бола алады. Ал əдістеменің соңғы тиімді нəтижеге жете алмауы жиі кездеседі. Сонымен бірге, əдістеме технологиялық деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Мысалы, жаңа материалды түсіндірудің белгілі əдістемесі бар. Егер ол əдістеме шынайылық, сенім, сəйкестік талаптарына орайласса, оны технология деп тануға болады.

Оқудың дəстүрлі (қайта жасау- репродуктивті) технологиясы білім, ептілік жəне дағдыларды ұсынуға бағытталған. Ол өтіліп жатқан материалдың игерілуін, қайта жасау деңгейіндегі білім сапасының бағалануын қамтамасыз етеді. Бұл технологияның ежелгі түрі. Ол бүгінгі таңда да кең таралған (əсіресе орта мектепте). Оның мəні: жаңаны игерту–бекіту–қадағалау–бағалау сұлбасы (схема) бойынша оқу процесін жүргізу. Технология негізіне табысты өмір тіршілігін қамтамасыз ететіндей білім ауқымын анықтауға мүмкіндік беретін жəне оны оқушыға жеткізу жолын көрсететін білімдік бағыт-бағдарлама (парадигма) алынады. Осыған орай оқу- оқытудың басты əдістері ретінде 1) көрнекілік жəне онымен бірге жүретін түсіндіру, 2) оқушының жетекші іс-əрекеттері түрлеріне – тыңдау мен есте қалдыру, 3) басты талап жəне тиімділіктің негізгі көрсеткішіне – игерілгенді қалтқысыз қайталап жаңғырту ептілігі алынады. Мұғалім қызметтері – түсіндіру, əрекеттерді көрсету, оқушылар орындағандарды бағалау жəне реттеу, түзету.

Бағдарламаланған оқу технологиясының (БОТ) негізгі мақсаты оқу процесінің басқару жүйесін жақсарту (П.Я.Гальперин, Л.Н. Ланда, А.М. Матюшкин жəне т.б.).

БОТ – бұл арнайы жабдықтар, бағдарламаластырылған оқулық, ерекше оқу-машинасы, ЭВМ жəне т.б. көмегімен күні ілгері дайындалған бағдарлама бойынша орындалатын өзіндік жеке-дара оқу технологиясы. Бұл технология əрбір оқушыға өзіндік сапа-қасиеттеріне орай (оқу қарқыны, сауаттылық деңгейі жəне т.б.) оқуына мүмкіндік береді.

БОТ-ның өзіне тəн сипат белгілері:

– оқу материалының кіші көлемді жеңіл игерілетін бөлшектерге жіктелуі;

– əр бөлшекті игеруге арналған нақты əрекеттерді орындау нұсқаулары жүйесінің берілуі;

– əр бөлшек игерілуінің тексерілуі;

– қадағалау тапсырмаларының дұрыс орындалуымен оқушы материалдың ендігі жаңа бөлшегін алып, келесі оқу қадамын іске асыруға өтуі;

– дұрыс жауап бере алмаған жағдайда оқушының қосымша көмек түсініктемелерін алуы;

– қадағалау тапсырмаларының нəтижесі хатталып, оқушының өзіне де (ішкі кері байланыс), педагогқа да (сырттай кері байланыс) белгілі болуы.

Жалпы түрінде проблемді технология сипаты келесідей: оқытушы білімді дайын күйінде ұсынбай, оқушылар алдына міндет (проблема) қояды, оған қызықтырады жəне оның шешу əдіс-тəсілдерін табуға ынталандырады. Ал оқушылар мұғалімнің тікелей басшылығында не өз бетінше олардың шешімін табудың жолдары мен əдістерін зерттейді, яғни болжам түзеді, оның шынайылығын тексеру тəсілдерін белгілейді əрі талқылайды, дəйектейді, нəтижелерін талдайды, пікір жүргізеді, дəлелдейді.

Қашықтықтан оқу технологиясы –бұл осы заманғы телебайланыс, электронды почта, теледидар жəне интернет жəрдемімен оқу мекемесіне қатыспай-ақ білімдену қызметтерін пайдалану. Қашықтан оқу қандай да себептермен білім иеленуге қол жеткізе алмай жүргендердің бəріне бірдей үйде отырып оқу мүмкіндіктерін ашады (əсіресе мүгедектерге, зағиптар мен есітуден қалғандарға, т.с.с.).

Оқу технологияларының басқа да түрлері баршылық: əр деңгейлі оқу, толық меңгеру, ұжымдық ықпалдаса оқу, икемдесе оқу, жобалап оқу, авторлық оқу технологиясы (мысалы, В.Ф.Шаталов технологиясы) жəне т.б.

 

(12  015 рет қаралды, бүгін 1 рет)


Ұқсас мақалалар

Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқыту әдістемесі

Қазіргі білім беру үрдісі ең алдымен дара тұлғаға бағытталып, ересек тіл үйренушінің іскерлік сапаларын, коммуникативтік құзыретін, әлеуметтенуге бейімділігін дамыту міндеттерімен

Аудио сабақтар

Аудио сабақтар   (1  128 рет қаралды, бүгін 1 рет)

Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі пікір жоқ! Бірінші болып пікір жазуыңызға болады!

Тек тіркелген пайдаланушылар пікір жазады.