Әліпби емлесінің тұжырымдамасы талқыланды

Бүгін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференция өтті. Шара барысында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің емле ережелерінің тұжырымдамасы талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Конференцияға еліміздің жетекші лингвист ғалымдары, Парламент депутаттары, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия және жұмыс топтарының мүшелері қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли қазақ орфографиясының мәселесі жайлы толыққанды айтып, қоғамда екіұдай пікір тудырып жүрген мәселелердің басын ашты.

– Неге біз ережемізді қайта жасауымыз керек? Себебі, ол әліпби түзілгеннен кейін ол ережелер әліпбиге сәйкес болуы керек. Міне, сондықтан, осы мәселеге байланысты негізгі ойларымызды ортаға салсақ дейміз. Әуелі әліпби. Бізде ұлттық-дыбыстық қордағы дыбыстық бірліктеріміздің саны қанша? Оны Ахмет Байтұрсынұлы дұрыстап тұрып айтып кеткен болатын. Ол – 9 дауысты. Кезінде оны Байтұрсынұлы белгіледі. Одан кейін 19 дауыссыз. Бұл – біздің ұлттық дыбыстық қорымыздың негізі. Осыған қарап отырсақ, жазба тілдің ықпалымен «х», «в» сияқты әріптер енді. Бұрынғы жазуда (кириллицада) да болған. Қазіргі әліпбиде де ескеріліп отыр, – деді ол.

Өз кезегінде Нұргелді Уәли «бізге 42 әріптің қажеті қанша?» деген сұрақты да көтерді.

– Оның өзі орфографияны қиындатқан, ұлттық бейнесінен ажыратқан түйіні күрделі мәселе. Сондықтан, осыдан арылуымыз керек. Өздеріңіз қарасаңыздар, біздің кирилл әліпбиінің үштен бірі ұлттық дыбыстық қорымызға сәйкес келмейді. Оның себебі – идеологиялық қысымнан, саяси әрекеттің әсерінен, 42 әріп болу керек деген сынның салдарынан болды. Әліпбиі солай болғасын, ереже де солай болуы керек. Ереженің жартысына жуығы бөтен тілдегі сөздерді таңбалаудың ережесіне айналып кетті. Орфографиямызды қарасақ, ол қос тілді орфография болып шықты. Ережеміздің тең жартысы да сол күйде болды. Біздің ережеміз, жазуымыз ұлттық жазуымыз өзінің ұлттық сипатынан айырылды, – деп түйіндеді ғалым.

Ал Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешев латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің емле ережелерінің тұжырымдамасындағы ерекшеліктер туралы айтты.

– Қазақ тілінің емле, ережесінің тұжырымдамасын қазақ зиялылары 1924 жылы тұңғыш білімпаздардың съезінде Орынборда ақылдасқан. 1929 жылы ереже қабылданып, ол 1938 жылы өзгертілген. 1940 жылы да осындай тұжырымдама болғанымен, 1955 жылы ол қайта өзгертілген. Ахаңдардың заманынан бері ортада біршама жылдар жатыр. Ол кездегі сөздік қор мен бүгінгі сөздік қор бірдей емес. Біздің артикуляциямыз, акустикамыз көптеген шетелдің сөздерін айтып үйренді. Жастар үйренді. Бірнеше тіл білеміз. Ол қазаққа ғана емес, барлық жұртқа, ұлтқа тән нәрсе. Абайдың қара сөздерін оқысаңыз, ол стиль мен бүгінгі стиль бірдей емес. Одан ары Қадырғали Жалайыр мен Дулатиді оқысаңыз, ол да бөлек. Махамбет пен Кенесарының хатын түсінуі үшін де білім керек. Сондықтан, бұл концепцияда фонетикалық дәстүрлі қағидат ұстанылады. Бірінші – қазақ тілінің тілдік табиғатын сақтау, екіншіден бізге енген сөздерді қалай беру деген мәселе. Біріншінің басы ашық, түсінікті нәрсе, – деді ол.

Алқалы жиында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, ф.ғ.к. Анар Фазылжанова жаңа емледегі фонетикалық принцип және қазақ тілі ғылыми курсындағы орфоэпияның рөліне тоқталды. Ф.ғ.д., профессор Әлімхан Жүнісбек әліпби емле ережелерінің қағидаттарын көпшілікке таныстырды. Сонымен қатар латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне көшу барысында терминология, ономастика салаларында туындайтын мәселелер ортаға салынып, оның түйіні ереженің бекітілуіне байланысты шешілерін айтты. Жаңа әліпбиді оқыту және оны кімге, қалай оқыту жайы да назардан тыс қалмады. Ал латын әліпбиін ІТ салаға енгізу көпшілік арасында қызу талқыға түсті.

Пленарлық мәжілісте жарыссөзге кезек беріліп, ғалымдардың ғана емес, әліпбиді қолданатын түрлі сала мамандарының сауалдарына жауап беріліп, ұсыныстары тыңдалды.

Пленарлық отырыстан соң орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік және техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының секциялық мәжілісі өтті. Сала мамандары бірлесе отырып, жаңа әліпбиге көшу барысында туындайтын қиындықтарды ашық айтып, оны шешу жолдарын ойласты. Әрбір секция өздерінің ұсыныстарын пленарлық мәжілістің қорытындысында көтерді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қ.Бораш барлық ұсыныс-пікірлердің қаралатындығын, ескерілетіндігін және сол негізде жұмыс жасалатындығын айтып, конференцияны қорытындылады.

Айта кетейік, жаңа әліпбидің бүгінгі ұсынылған тұжырымдамасы жиын барысында айтылған пікірлер мен ескертпелерге сай қайта толықтырылып, жетілдірілетін болады.

Авторы: «Тіл әлемі.кз» ақпарат

(75 рет қаралды, бүгін 1 рет)



Ұқсас мақалалар

Петропавл қаласында «Тіл – татулық тірегі» этнос жастарының республикалық форумы өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылғы

Терминология комитеті керек пе?

Қазіргі қазақ терминологиясы сөздікпен түсінетін халге жетті. Яғни қазақ тілінде бекітілген салалық термин сөздерді сала мамандарынан өзге ешкім оқып, түсіне

Қазақстан мектептерінде қандай жаңа пәндер пайда болады

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жыл сайынғы тамыз жиналысында 2020 жылы мектеп бағдарламасының қалай өзгеретінін айтып берді, – деп

Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі пікір жоқ! Бірінші болып пікір жазуыңызға болады!

Тек тіркелген пайдаланушылар пікір жазады.