Бағы жанбаған тағы бір дыбыс (екінші дәріс)

Біз қазақ жазуындағы «бағы жанбай» қалған дыбыстарды түгендеп келе жатырмыз. «Бағы жанбай» дегенде жасалымы (артикуляциясы) мен естіліміне (перцепциясына) сай таңбаланбай қалған дыбыстарды айтып келеміз. Бұған дейін «у» таңбасына (бірінші әңгіме) тоқталған едік. Ендігі кезек «и» таңбасына (екінші әңгіме) келді. Өйткені қазақ жазуындағы «жаңсақ естілімнің» зардабы орыстың бір «у» таңбасымен бітіп отырған жоқ және сөз болғалы отырған орыстың «и» таңбасымен тағы бітпейді.

Амал жоқ, қайталай беруге тура келеді (бұған дейінгі мақалада қайталанған тұстарын шағын әріптермен теріп отырмыз). Біз қазіргі кезде қазақтың өзіне «қазақтың бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ» деп сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Ғасырға жуық біріне-бірі жалғасқан әліпби ауыстыру мен орынды-орынсыз емле құрастыру осындай жайға алып келді. Оп-оңай көрінген қазақ тілінің дыбыс құрамын түгендей алмай әлек болып жатқанымыз да сондықтан. Кез-келген қазақтан (ересек болсын, бала болсын) «қазақ тілінде қанша дыбыс бар?» деп сұрасаң, бәрінің берер жауабы біреу-ақ, «42 дыбыс бар» дейді. Бұл, әрине, олардың кінәсі емес, мектептен бастап жоғары оқу орнын бітіргенге дейін, тіптен өмір бойы, «42» деп тоқпақтай берсе, кім де болса соған ұйып қалады. Ұйып қалғандардың арасында, өкінішке орай, қазақ тілі пәнінің мұғалім-оқытушылары мен қазақ тілі оқулығының авторлары барын қайтерсің. Олар да «қырық екі» демесе де соған жете жығылып жатады.

Қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтау сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталған болатын. Сол дәуірдің өкілдері қазақ тілінде «і» және «й» дыбыстары бар екенін дұрыс аңғарып, оларға дербес-дербес таңба берді. Дегенмен «жарты дауысты» деген мәртебеге сол кезден бастап ие болғаны белгілі. Сөйтіп кейбір сөздердің жазылымында, сирек болса да, «и» таңбасының кездесіп қалатыны тағы бар. Келесі кезеңде, ХХ ғасырдың басы, А.Байтұрсынұлы көрсеткен қазақ тіліндегі 29 дыбыстың құрамында күмансыз жүр. Қазақ тілінің алғашқы латын әліпбиінде (1929-39) «і» және «j» таңбаларымен басы ашық белгіленіп келді. Өкінішке орай, жаңсақ жазылымға басты себеп болған профессорлар Н.Сауранбаев пен Қ.Жұбановтың еңбектері сияқты. Бертін келе дауысты мен дуыссыздың мәртебесі ескеріліп, ый/ій тіркестерінің құрамында 1957 жылға дейін бөлек жазылып келді. 50-60-шы жылдардағы зерттеушілер «и» таңбасын қазақ тілінің дауыстылар құрамына енгізіп жіберді. Сонда да болса, қазақ сөзінің жазылым емле-ережесіне әсер ететіндей мәртебесі болған жоқ. Тек 1957 жылы, бұдан бұрын айтқанымыздай, «қызыл саясат» қазақ әліпбиі мен оның емле-ережесіне де жетті. Сөйтіп қазақтың төл сөздерінің жазылымына орыс тілінің «и» дыбыс/таңбасы ендірілді. Сонымен кірме «и» таңбасы да «у-мен» жарысып, қазақтың төл дауысты дыбыстарының құрамына «дауысты» болып қосыла кетті. Кез-келген ғылыми-теориялық еңбек немесе оқулық бетін ашыңыз, оқу-құралының немесе әртекті мақаланың бетін ашыңыз, алдыңыздан дауысты «и» шыға келеді. Тағы да «сасқан үйректің» кебін киіп, «тый/ти», «сый/си» деп жазып, әбігерге түсіп келеміз. Қазақ тілінде ый/ій тәрізді дауысты+дауыссыз дыбыс тіркесінің жеке дауысты дыбыс бола алмайтыны санамызға жетпей қойды.

Осы саяси әліпби реформасының жемісін, қайта-қайта қайталай беруге тура келеді, енді «теріп-жеп» отырмыз. Қазіргі ұрпақты қазақ тілінде дауысты «и» дыбысы жоқ деп сендіре алмай отырғанымыз тағы да сондықтан.

Сонымен, тіркестің бірінші сыңары дауысты «і» дыбысының жасалымына толық тоқталып жатпаймыз, тек қысқаша анықтамасын ғанаатап өтеміз: тілдің көлденең қалпына қарай – тіл ортасы, тілдің тік қалпына қарай – қысаң, ерін қатысына қарай – езулік. Сонда жасалым белгілері: тіл ортасы, қысаң, езулік болып шығады.

Ал «й» дауыссызына толық тоқталуға тура келеді. Соңғы жылдары жарық көрген академиялық еңбектерде «й» таңбасымен белгіленіп жүрген дыбыстың ақиқат мазмұны анықталып берілді: «Й(y) дауыссыз дыбысы тілшік (тіл ортасы) арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тілшік (тіл ортасы) дауыссыз дыбыс болып табылады. Йдауыссыз дыбысы тілшік (тіл ортасы) пен тіл түбінің (таңдайдың) өзара жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады. Й дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.

Жасалым белгілері: тілшік (тіл ортасы), жуысыңқы, үнді дауыссыз дыбыс». Дауыссыздың ақиқат анықтамасы осы. Ал Халықаралық Фонетикалық Әліпби (ХФӘ) бойынша оның таңбасы [y] болып табылады.

Оның да қазақ тілі дауыссыздарының пішіндемесінде (моделінде) өзінің орны бар.

Пішіндемеден көрініп тұрғандай, й[y] дауыссыз дыбысы құрылымның (модельдің) бір бұрышын ұстап тұр. Егер й[y] дауыссыз дыбысы жоғалатын болса, онда пішіндеме (модель) түгел қаусап түседі. Бұл – тіл дыбыстарының құрамынан бір дыбыс жоғалса бүкіл жүйесі (системасы) бұзылады немесе бір бөгде дыбыс енетін болса, тілдің дыбыс жүйесі (системасы) түгелдей бүлінеді деген сөз.

Алайда академиялық еңбектердің нәтижесі әзірге оқулықтар мен оқу-құралдарына жетпей жатыр. Сондықтан да, көпшілікті шатастырмас үшін й[y] таңбасының іргесіне [y] таңбасын қосақтап й(y) деп көрсетіп отыруға мәжбүрміз (орыстың дауысты «у» таңбасымен шатастырмау керек).

Сонымен бұл өзі неғылған дыбыс болып шықты? Оның академиялық мазмұны:

Анықтамасы: тілшік (тіл ортасы)жуысыңқы үнді

Мәртебесі: жүйеқұрауыш

Қызметі: көсемшенің көрсеткіші

Тіркесімі: тек дауыстыдан кейін келеді

Шепорналасымы: сөз басында кездеспейді

Жиілігі: жиі кездеседі

Ұқсастығы: Орыс, ағылшын тілінде бар.

Тағы да ғылыми негізге жүгінетін болсақ, Халықаралық Фонетикалық Әліпби (ХФӘ немесе МФА – Международный Фонетический Алфавит) үлгісі бойынша бұл дауыссыз дыбыстың, өзінің жасалымына (артикуляциясына) лайық, әліпби таңбасы латынның [y] болуға тиіс. Бұдан әрі қарай осы таңбаны тұрақты пайдаланатын боламыз.

Енді неге «шала дауысты» болып жүргеніне тоқталайық. Өйткені: бірінші, оның жасалымы (артикуляциясы) дауыстыға ұқсайды, себебі ауыз қуысында кедергі жоқ; екінші, оның тілдегі қызметі дауыссызға ұқсайды, себебі буын құрай алмайды. Тіл жүйесінде оның екінші қызметі басым болып есептеледі, сондықтан да ол дауыссыз дыбыс болып саналады.

Дауыссыз й[y] дыбысын жоғалтып жүргеніміздің тағы бір себебі «жалған естілім» болып табылады. Қазақ тілінде сөз басында кездеспейтін бес дауыссыз дыбыстың бірі – осы й[y]. Ендеше дыбыс атауына, өзге дыбыстардай бы, дыболып дауысты соңынан қосылмай, дауысты алдынан қосылып, ый/ій (йы/йі емес) түрінде айтылады. Сондықтан ый/ій тіркесінің айтылымы орыс тілінің ы/и дауысты дыбысының естіліміне ұқсап кетеді. Қазақ тілі мамандарын да, өзге зерттеушілерді де шатастырып жүрген осы жайт. Бүлдіршіндер мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу-құралдарынан бастап иық, ине т.б. «сөздер и дауысты дыбысынан басталып жатыр» деп түсіндіреді. Орыстақы итаңбасының машақаты бір мұнымен бітіп жатқан жоқ. Сөздіктер тізбегіндегі ы, і әріптерінің құрамында тұратын ондаған-жүздеген сөздер «адасып» и әрпінің соңында жүр. Әзірге тек сөз басындағы буынға қатысты «адасуларды» ғана көріп отырмыз. Ішкі әліпби тізбегіне қатысты «адасуларды» компьютер бағдарламасының көмегі болмаса,көзбен көріп, қолмен түгендеу мүмкін емес,

Ал неге қазақ тілінің төл дыбыс тіркесі осы бір төркіні бөлек жалаң «и» таңбасына байланып қалды? Орыс тілінде «жалған естілімге» себеп болып жүрген дауысты дыбысының и таңбасы бар. Осы әріп оп-оңай қазақ әліпбиіне көшіп, ый/ій дыбыс тіркесінің таңбасына айналып кетті. Сөйтіп қазақ орфографиясының құрамында әбден орнығып алды. Ендігі жерде кирилдің и таңбасы мен дыбысынан құтылу оңай болмай, тіптен, мүмкін болмай отыр.

Жүрген жерімізің бәрінде «әліпби сауатымызды ашып алудан бастайық» дегенді босқа айтып жүрген жоқпыз. Және «әліпби сауатты» алдымен оқулық авторлары мен әдістеме иелері бастау керек. Ал бастауыш сыныптан бастау алса, жас ұрпақ өсе келе, бүгінгідей «олай емес, бұлай емес» деп арпалысқан ересектердің «әліпби» дертіне ұшырамайтын болады.

Тіліміздегі й[y] дауыссызының ақиқатына көз жеткізу үшін бір-біріне орайлас тіркестерді пайдалануға болады. Мысалы, май[may] тіркесінің үш дыбыстан құралатынына ешкімнің шүбәсі жоқ, ал дәл сол үлгідегі мый/тій[mɪy/miy] тіркесінің дыбыс құрамын бір и дыбысына айналдырып жіберіп отырмыз. Сонда бізге жетпей тұрғаны – оқу-әдістемелік дайындық пен психологиялық шеберлік. Алғашқы май[may] тіркесінің бірінші сыңары ашық дауысты а[a] айқын естіледі де, екінші сыңары й[y] дауыссызынан оңай ажыратылады. Ал екінші ый/ій[ɪy/iy]тіркесінің бірінші сыңары қысаң ы/і [ɪ/i] мен үнді й[y] дауыссызының артикуляциясы өзара тығыз кірігіп кетеді. Cөйтіп орыс тілінің ы/и дауыстысы тәрізді естілім әсер қалдырады. Орыс тілінің и дыбысы нығыз айтылады, ал қазақы тіркес босаң айтылады. Дегенмен тіркестің екі сыңарын ажырата алмай жатқанымыз мектептен бастап сөздің қазақы түйсінімнен айрылып қалғанымыздан (немесе айырыла жаздағанымыздан) болып отыр.

Қазақ сөздерінің айтылым (орфоэпиялық) үлгісін салыстырып көрейік.

Егер й дауыссыз дыбысының жазылым емле-ережесі дұрыс құрастырылса, онда сөздің үндесім әуезі, морфем және буын құрамы, тасымал реті мен сөйлем ырғағы бұзылмайтын болады.

Жуан әуезді сөздердің құрамында.

Жуан (қысаң) әуезді Ы [ɪ] мен үнді (жуысыңқы) Й [y] дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын бұзбай, тасымал ретін сақтау үшін ЫЙ [ɪy] болып жазылады:

Сөз басында й[y] кездеспейді, сондықтан алдынан ы[ɪ] қосылады: иық (ыйық) [ɪ-yɪq];

Сөз ортасында: тиын (ты-йын) [tɪ-yɪn], қыйын (қы-йын),[qɪ-yɪn], жыйын (жы-йын) [jɪ-yɪn];

Сөз соңында: тый (тый), ылғый (ыл-ғый) [ɪl-ğɪy], сыный (сы-ный) [sɪ-nɪy], ысый (ы-сый) [ɪ-sɪy];

Жіңішке әуезді сөздердің құрамында.

Жіңшке (қысаң) әуезді İ[i] мен үнді (жуысыңқы) Й[y] дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын бұзбай, тасымал ретін сақтау үшін İЙ[iy] болып жазылады:

Сөз басында кездеспейді, сондықтан алдынан і[i] қосылады: и (ій) [iy], иіс (і-йіс) [i-yis], ирек (ій-рек) [iy-rek], ие (і-йе) [i-ye], ине (ій-не) [iy-ne];

Сөз ортасында: киім (кі-йім) [ki-yim], шие (ші-йе) [şi-ye], тиін (ті-йін) [ti-yin], сирек (сій-рек) [siy-rek];

Сөз соңында: ти (тій) [tiy], би (бій) [biy], бәлки (бәл-кій) [bäl-kiy], іскери (іс-ке-рій) [is-ke-riy].

Ендеше латын әліпбиіне қазіргі кирил орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз. Сондықтан алдымен қазақ мәтініне «әліпби транскрипция» жасап алуымыз керек. Сонан соң барып қазақ тілінің төл дыбыстарын латын әліпбиіне көшіреміз. Осындай реформаның нәтижесінде қазақ тілінің:

-төл дыбыс құрамы кірме таңбаларсыз таза анықталады;

-төл дыбыс құрылымы (жүйесі) сақталады;

-морфем құрамы бұзылмайды;

-буын тұрқы жаңсақ жіктелмейді;

-тасымал реті сетінемейді;

-сөйлем ырғағы сақталады.

Латын әліпбиіне өту үстіндегі жазу реформасының басты нәтижесі осы болмақ.

Өкінішке орай, бұл дыбыстың ақиқат [y] таңбасына латын негізіндегі жаңа апостроф әліпбиімізден де орын табылмады, қайтадан сол орыс тілінің созылыңқы [і:] дыбысының і’ деген таңбасының кебін киіп қалды. Енді қашан және қай ұрпақ оны осы бір шала жансар әліпби тамұғынан аршып ала алар екен, әлде біздің көз алдымызда өшіп құрдымға кете береді ме? Келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға да дәрменіміздің келмегені ғой.

ҚОСЫМША

Апостроф мәтін үлгісі (ерін үндестігінің қазіргі емлесі сақталды)

Жуан әуезді сөздердің құрамында.

Жуан (қысаң) әуезді Ы [y] мен үнді (жуысыңқы) Й [i’] дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын бұзбай, тасымал ретін сақтау үшін ЫЙ [yi’] болып жазылады:

Сөз басында й кездеспейді, сондықтан алдынан ы қосылады: иық (ыйық) [y-i’yq];

Сөз ортасында: тиын (ты-йын) [ty-i’yn], қыйын (қы-йын),[qy-i’yn], жыйын (жы-йын) [jy-i’yn];

Сөз соңында: тый (тый) [tyi’], ылғый (ыл-ғый) [yl-g’yi’], сыный (сы-ный) [sy-nyi’], ысый (ы-сый) [y-syi’];

Жіңішке әуезді сөздердің құрамында.

Жіңшке (қысаң) әуезді İ мен үнді (жуысыңқы) Й дауыссызының тіркесі сөздің морфем және буын тұрқын бұзбай, тасымал ретін сақтау үшін İЙ [ii’] болып жазылады:

Сөз басында кездеспейді, сондықтан алдынан і қосылады: и (ій) [ii’], иіс (ійіс) [і-i’іs], ирек (ій-рек) [ii’-rek], ие (і-йе) [i-i’e], ине (ій-не) [ii’-ne];

Сөз ортасында: киім (кі-йім) [ki-i’im], шие (ші-йе) [s’i-i’e], тиін (ті-йін) [ti-i’in], сирек (сій-рек) [sii’-rek];

Сөз соңында: ти (тій) [tii’], би (бій) [bii’], бәлки (бәл-кій) [ba’l-kii’], іскери (іс-ке-рій) [is-ke-rii’].

Апостроф әліпбиіміз үшін де осы емле-ереженің ұсынылғаны жөн болады.

Сөз соңында, орфографиямызда «жолы болмай» жүрген тағы бір бұл дыбыс емес. Қалғандарына да рет-ретімен арнайы тоқтала жататын боламыз. Ендеше әңгімеміздің жалғасы бар.

Ә.Жүнісбек,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор
(62 рет қаралды, бүгін 1 рет)


Ұқсас мақалалар

Қарағанды көшелерін «көше атауын өзгерту» елесі кезіп жүр

Ке­зін­­де, атағы алысқа кеткен тас кө­­мірінің арқасында қанатын кең­ге жайып, «Одақтың үшінші кө­­мір бассейні» есебінде өзгелерге тө­­беден қараған қала еді

«Мен үш тілде сөйлеймін» және «балаларға базарлық» атты бүлдіршіндерге арналған кітаптар

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Тілдерді оқыту орталығы балалар ұғымына сай, оқуға жеңіл, тілі көркем «Мен үш тілде сөйлеймін» және «Балаларға базарлық» атты

Cұлушаш Құрманбекова: Жаңғырудың тірегі – ұлттық тіл

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттың өткенін тануға, келешегіне байыппен қарауға үндейтін құнды дүние. Бұл

Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі пікір жоқ! Бірінші болып пікір жазуыңызға болады!

Тек тіркелген пайдаланушылар пікір жазады.