Ұлттың мәңгілік мәселесі

Елбасы жыл сайынғы халыққа Жолдауларында Ұлттық руханияттың мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Президенттің «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «100 нақты қадам» Стратегиясының өзегінде де ұлттық құндылықтарды ұлықтау және мемлекеттік сананы қалыптастырудың маңызды мәселелері қамтылса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы барша қазақстандықтарға «мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа бірге қадам басуды, бұқаралық сананы өзгертуді» ұсынғаны мәлім.  Ал Елбасының биылғы Жолдауында ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту керектігі атап көрсетілген. «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» екені жазылған. 

Маңғыстау облысының Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын», Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын басшылыққа ала отырып, бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырып келеді. Басқарма басшысы Г.Б.Төлеуғалиеваның жетекшілігімен мемлекеттік тіл саясатын ілгерлетуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Солардың барлығын рет-ретімен баяндайтын болсақ, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлеріне арналған қазақ және ағылшын тілдерін тегін оқыту курстары жұмыс істейді. Аталған курсқа жылына орта есеппен 250-300 адам қатысады. Былтырғы қыркүйек ­айында басталған орыс тілін тегін оқыту курсына 100 тыңдаушы қатысты. Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында «Қазтест» жүйесі негізінде тестілеу ұйымдастырылды. 2017 жылы 888 қызметкер, оның ішінде 358 – мемлекеттік қызметшілер, 530 – мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері, диагностикалық және сертификаттық тестілеуден өтті.
Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту мақсатында 2015 жылдан бас­тап жергілікті «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында «Болашағы біртұтас ел» бағдарламасы көрермен назарына ұсынылып келеді. Бағдарлама мемлекеттік тілді үйретуге арналған «Тілашар», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Терминологиялық хабаршы» атты үш бөлімнен тұрады.
Өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жобалар да назардан тыс қалмайды. Тілдер мерекесіне орайластырылып өткізілетін «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» республикалық патриоттар форумы, Халықаралық ана тілі күні мерекесіне орай«Тіл – татулық тірегі», сондай-ақ «Ынтымағы жарасқан туған өлкем», «Тіл – ­парасат» «Мемлекеттік тілді білу – парызың!» байқаулары халық арасында кеңінен танымал. Елбасының үш тұғырлы тіл идеясының аясында «Көп тіл білу – заман талабы», «Жеті жұрттың тілін біл», «Ой-сана», «Үздік үштілді педагог», «Тіл шебері» шараларының алар орны да маңызды.
Елбасымыздың рухани жаңғыру саласындағы алға қойып отырған міндеттерінің бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Әліпби ұлттық жазудың негізі болғандықтан ол қашанда ана тіліміздің төл табиғатын, ұлттық ерекшелік пен дыбысталу заңдылықтарын сақтауға мүмкіндік жасап, көкжиегін кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз. Тіл арқылы халықтың сан ғасырлық тарихы, ой-санасы, салт-дәстүрі, менталитеті жинақталып, сақталып, келер ұрпаққа жететінін ескерсек, тіл мен жазудың етене бірлігі ұлттық дамудың аса маңызды көрсеткіші болатыны түсінікті.
Осы орайда латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының жаңа нұсқасын жасаушылардың бірі, талантты жерлесіміз, белгілі педагог Қуантқан Вановтың еңбегін айта кеткеніміз жөн. Көп жылғы ізденістерінің нәтижесінде Қуантқан Рзаұлы өзінің ұсынған әліпбиінің жобасын бірнеше басылымдарда, конференцияларда жариялап, жұртшылықтың назарына ұсынылды. Облыс көлемінде бірнеше семинарлар ұйымдастырылып, мамандар мен тіл жанашырларының оң бағасын алды. Жаңа әліпбиінің жобасы туралы Қ.Вановтың түйінді мақаласы облыстық «Маңғыстау» газетінде және «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Б.Төлеуғалиевтің алғы сөзімен республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланды.
Осы мәселеге тиісінше мән берген облыс әкімі республикамызда алғашқылардың бірі болып халықаралық дәрежедегі шара ұйымдастыруға мұрындық болды. Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ әліпбиін латын әріптерімен таңбалаудағы ерекшеліктер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Түркия, Әзербайжан елдері мен республикамыздың белгілі ғалымдары қатысқан бұл шарада Елбасы Н.Назарбаевқа ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы кеңінен талқыланып, қатысушылар жобаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Түркітілдес елдер арасында алғашқы болып қаріп ауыстырған Түркия мен Әзербайжаннан арнайы шақырылған ғалымдар латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары мен тиімді тұстарына тоқталып, тәжірибелерімен бөлісті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу мәселесін кеңінен насихаттау, оның маңыздылығын жеткізу, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған конференцияда облыс әкімі Е.Тоғжанов сөз сөйледі.
Қазақ тілін латын қарпіне көшіруді кезең-кезеңмен жүргізуді насихаттау мақсатында Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің Вановша нұсқасы» атты жергілікті ғалым Қ.Вановтың ғылыми жобасын талдауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл жоба жергілікті телеарна арқылы көпшілікке таныстырылды. Жергілікті «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының «Ел ертеңі» бағдарламасында тіл мамандары, лингвист ғалымдар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен сұхбат өткізілді. Әлеуметтік желілерде латын әліпбиіне көшіруді түсіндіру бағытында топтар ашылып, материалдар салынып келеді.
Тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында жастар арасында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Бұл орайда, Абай атындағы, Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Кекілбайұлының атындағы, көркемсөз оқу шеберлерінің, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» және өзге байқауларын, әртүрлі тақырыптарды қамтыған жыр мүшәйраларын атап айтуға болады.
Мемлекеттік тілдің мерейін өсіру, қолдану аясын үздіксіз арттыру мен тіл саласындағы мемлекеттік саясатты қолдауға үкіметтік емес ұйымдар да жұмылдырылып, пәрменді іс-шаралар жүргізуде. Мысалы, Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы (жетекшісі Ж.Ахметова) «Сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттарда Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңнама нормаларының сақталуы бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізу» жобасын жүзеге асырып, әдістемелік құралдар дайындап, жарнама әзірлеушілер арасында әдістемелік семинар ұйымдастырса, «Азаматтық құқық» коммерциялық емес ұйымы (жетекшісі А.Айбатырова) «Маңғыстау облысы аумағындағы тіл ахуалына әлеуметтік зерттеу жүргізу» жобасын іске асырды. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі Маңғыстау облысы бойын­ша аумақтарды дамыту бағдарламалары көрсеткіштерінің бірыңғай тізбесі бойынша оң динамиканы, мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесінің үздіксіз артып отырғанын көрсетті.
Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі де ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жас ұрпақтың бойына сіңіруде жоспарлы түрде жүйелі қызмет атқарып келеді. Мәселен, жыл сайын дәстүрлі түрде мектеп оқушылары мен студент жастар арасында түрлі тақырыпта шығармалар байқауын ұйымдастырып отырады. Өткен жылдан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіздігін баянды ету жолындағы еңбектерін насихаттау бағытында шығармалар байқауын өткізуді қолға алды. Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш идеясы және тәуелсіздік» тақырыбына жас ақындар мүшәйрасын өткізіп, жас таланттардың әдеби қарымын сараптап, жеңімпаздарды ­дипломдармен және бағалы сыйлықтармен ­марапаттады.
Қазақ тілі мен салт-дәстүрін үйрету мен насихаттау бағытында көпшілікке арналған танымдық, әдістемелік еңбектер дайындады. Мұның аясында «Салт-дәстүр және қазақ тілі» оқу-әдістемелік құралы мен «Маңғыстау облысының ауылшаруашылық энциклопедиясы» жобалары жарық көрді. Б.Төлеуғалиев пен осы мақала авторының «Салт-дәстүр және қазақ тілі» оқу-әдістемелік құралы – ұлтымыздың салт-дәстүріне арналған құнды мәліметтер мен тағылымды әңгімелерді қамтитын және қазақ тілінің лексикасын оқыту әдістемесін қарастыратын еңбек болса, энциклопедияда ауылшаруашылығының барлық салалары, атап айтқанда, мал, егін, балық, аң, су, орман шаруашылығына қатысты негізгі ғылыми-танымдық мәліметтер қамтылды. Жинақ елімізде алғаш рет басылып отырғандықтан көпшіліктің көңілінен шықты деп айта аламыз. Республикамызда дәстүрлі түрде мерекеленетін әз-Наурыз тойына орай облыстық «Қазақ тілі» қоғамы да арнайы киіз үй тігіп, жоғары деңгейде атап өтті.
Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі» Бектұр Төлеуғалиев бірнеше жылдан бері «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігін басқарып, ана тіліміздің мерейін өсіру мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға үлкен еңбек сіңіріп келеді. Ардагер ағамыз ұзақ жылдар бойы елдің әлеуметтік-экономикалық әрі рухани дамуына сіңірген еңбегі үшін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ­Елбасымыз қол қойған бұйрық бойынша «Құрмет» орденімен марапатталды.
Тіл мәселесіне орай орындалған жұмыстарды бір түйіндеп қойып, ендігі кезекте облыстағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы атқарылған іс-шараларға да тоқтала кетуді жөн көріп отырмын.
Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың қолдауымен елімізге белгілі ақындар – Есенғали Раушанов пен Сабыр Адайдың шығармашылық кештері жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жұртшылық ықыласына бөленді. Жалынды жырлар оқылып, қаламгерлер туындылары бойынша сахналық қойылымдар ұсынылды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасының Жарлығымен Е.Раушанов «Парасат», С.Адай «Құрмет» ордендерімен марапатталды.
Мамыр айында «Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың!» атты облыстық X «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің гала-концерті және марапаттау рәсімі өтті. Фестивальдің мақсаты – жастардың рухани мәдениеті мен шығармашылық бастамашылығын дамыту және жетілдіруге арналды. Тамыз айында «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Есіл!» атты Маңғыстау облысының мәдениет мен өнері күндері көптеген қызықты әрі маңызды шаралармен жұртшылық назарын аударды. Маңғыстау өңірінің өнер ұжымдарының, сондай-ақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концерт, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының бастамашылығы және Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен Каспий жағалауы елдерінің I халықаралық театр фестивалі көрермен қауымға ұмытылмас әсер сыйлады…
Маңғыстау аймағында атқарылған шараларға қайта оралар болсақ, қасиетті Отпан тауда «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің 10 жылдығы аталып өтті. Үш жүздің төбе билері – Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге ескерткіш ашылды (авторы белгілі мүсінші К.Байғазиев), Ақсарай алдына «Алғыс тақтасы» орнатылды. «Ерліктің асқары, бірліктің ­бастауы – Отпан» атты жылжымалы көрме және фотокөрме, «Рухани жаңғырудағы «Отпан» тарихи-мәдени кешенінің орны» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, кешеннің бүгіні мен болашағы туралы келелі мәселелер талқыланды. Оған жергілікті ғалым-ұстаздар М.Ақмырзаев, С.Бекешов, облыстық мәдениет басқармасы басшысы П.Сармурзина, шығыстанушы ғалым И.Жеменей, С.Мешітбайқызы, Н.Қабылбек, ақын С.Адай, кешен ардагерлері Д.Аралбайұлы, Қ.Төремұратов, т.б. қатысты.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі» деп көрнекті жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқандай, елімізде қазақ тілін дамыту, мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілді үйрету мен насихаттау бағытында біршама жұмыстар жасалып келеді. Жаһандану жағдайында ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды дамыту мен ұлықтауға үлес қосу – әрбір азаматтың парызы.

Әділет ҚАБЫЛОВ,  

Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі

басқармасы төрағасының орынбасары

(63 рет қаралды, бүгін 1 рет)


Ұқсас мақалалар

Ұлттық комиссия отырысы өтті

Үкімет үйінде премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады

Тіл төрге озғалы қашан – Сүлеймен Мәмет

Бір замандары Алаштың аяулы ұлы Жүсіпбек Аймауытов: «Арғы атам – Ер түрік, Біз – қазақ еліміз», деп бар дауы­сымен жар

Уәкілетті органдардың ресми сайттарына мониторинг жасалды

Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу бойынша қорытынды шара өтті. Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020

Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі пікір жоқ! Бірінші болып пікір жазуыңызға болады!

Тек тіркелген пайдаланушылар пікір жазады.