«Сөз қазынасы» анимациялық фильмінің тұсауы кесілді

Балаларға базарлық! Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының тапсырысымен «Сөз қазынасы» атты анимациялық фильм әзірленді. Қазақ дәстүрін дәріптеп, ырым-тыйымдарын түсіндіретін тырнақалды туындының бүгін «Рахмет» сауда орталығында тұсауы кесілді.

– Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен көптеген жобалар іске асуда. Оның ішінде еліміздің рухани құндылықтарын жаңғыртып, бай қазынамызды толықтыра түсетін кітаптар, қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге септігін тигізетін оқу-әдістемелік құралдар, жастарды тілді меңгеруге жетелейтін телевизиялық жобалар, т.б. бар. Ілкімді істердің қатары бүгін міне тағы бір тың жоба, «Сөз қазынасы» атты анимациялық фильммен толығып отыр. Қазақ тілді аудитория үшін бұл үлкен сый деп білеміз. Анимациялық фильм өз көрермендерін табады деген үміттіміз,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Олжас Шынжігітов.

Аталмыш анимацияның басты ерекшелігі онда қазақтың бай тіл мұрасы мен салт-дәстүрлері насихатталады. Әдетте ересектер жауабын таба алмай жататын ырым-тыйымдардың мән-маңызы ойын элементтері арқылы және қазақтың классикалық ертегілерінен таныс кейіпкерлердің қатысуымен, шытырман оқиғалар арқылы көрсетіледі.

– Фильм персонаждарын дайындау кезінде жаңа тұжырымдама жасалып, кейіпкерлердің барынша тартымды болуы ойластырылды. Бұл анимациялық фильмнің әдеттегі өнімдерден айырмашылығы – сценарий құрылымы ұлттық фольклор ерекшеліктерін балаларға оңай түсіндіру үшін оқиғалар қиял-ертегі элементтеріне сүйенген. Сәйкесінше, анимациялық фильмде негізгі 13 кейіпкер бар. Қосалқы кейіпкерлер саны 30-ға жуық. Фильмді дыбыстауға елімізге танымал әртістер тартылды. Өнім 2 D, 3D форматта дайындалды. 15 сериялы анимациялық фильмге сұраныс жоғары болған жағдайда жалғасын дайындау да жоспарда бар,- деді Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік бөлімі Ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Мөлдір Бақытқызы.

Балалар үшін нағыз мерекеге айналған шарада балалар сан түрлі сұрақтарға жауап беріп, ұйымдастырушылардың арнайы сыйлықтарын алды. Анимациялық фильм кейіпкерлерімен бірге ән шырқап, би биледі. Шара соңында қазақы дәстүрге сай шашу шашылып, «Сөз қазынасы» анимациялық фильмінің алғашқы сериясы көрсетілді.

– Маған мультфильм қатты ұнады. Табалдырық басуға неліктен болмайтындығын түсіндім. Басты кейіпкер Айбар сондай ақылды бала екен, мен де жаман әдеттерді жасамайтын әжемнің ақылды баласымын,- дейді «Сөз қазынасының» бірінші көрермендерінің бірі Дәулет есімді балақай.

Айта кетейік, анимациялық фильм отандық телеарналар эфирінен көрсетілетін болады.

(35 рет қаралды, бүгін 1 рет)


Ұқсас мақалалар

Семинар өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік

Түркі әлемінің 100 жаңа есімі анықталады

Дүйсенбі күні ЮНЕСКО-ның Парижегі штаб-пәтерінде Халықаралық Түркі академиясының «Мәдени мұра мен өзгешеліктің жаңғыруы: түркі тілі өткеннен болашаққа» атты халықаралық форумы

Қазақы әліпби жасап шығару ісіне жаңаша көзқараспен келуіміз қажет

Латын әліпбиіне көшу елімізде қызу талқылануда. Маңызды мәселеге қатысты еліміздің өңірлеріндегі тіл мамандары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері өз ойларын

Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі пікір жоқ! Бірінші болып пікір жазуыңызға болады!

Тек тіркелген пайдаланушылар пікір жазады.