Дүмпілдек

Дүмпілдек – балалардың ойыны, 7-8 жасынан тартып 20 жасқа келгенше ойнайды. Еркекбалалар мен қыздар араласып ойнай береді. Көбінше түн ішінде ай жарықта ойналады.Жылдың төрт мезгілінің қайсы кезінде болса да ойнала береді. Артықша жазды күні болады. Күн жылы болса, қораның шетінде балалар жиылады да, -а- деп дүмпілдек ойнағанға кіріседі. Ойынның тәртібі мынадай болады: ойнағандар көп болса 14, аз болса 4 адам болуға тиіс. Онан көбі көп болып кетеді, азы аздық қылады. Екі жақ болып бөлініп, екі жағы да өздеріне басшы сайлайды, бір тарабы жерге шапандарын, тондарын дегендей шәмкеніп тізіліп үймектеп жатады. Басшы болған бала қолына ұзындығы 5 кез бен 10 кездің арасындай жіпті (арқанды) алып, бір ұшын жатқандардың біреуіне қарманып, екінші ұшын өзі кармап жатқан балаларын қорғайды. Енді 2 жағы (жатпағандар) киімдерін жеңілдетіп, жалаң аяқтанып, қолдарына тебетейлерін, байпақтарын болмаса құрым жұлығын шешіп алып, жатқандарды қашырып, тиіп, қашып сабай бастайды. Жатқандардың басшысы әлгі жіпті жеткен жеріне шейін аналарды қуалап сабатпастан амалын істей қорғайды. Егер қорғаушы қарамаса, тисе іс қылып қашып сабап жүргендердің біреуіне барып тигендігі анықталса, жатқандар тұрып, олардың орнына ана сабап жүргендер келіп жатады. Оларды да өздерінің бастығы қорғайды. Басшы болған бала, яғни қорғаушы балалардың ішіндегі пысық, мықтырағы болуға керек. Жүгіргенде бет қармалап ала тұрған, өзі күшті дегендей… қорғаушы, сабап жүргендерді қуып қармағанда, жіпті қоя беріп барып қармаса, жетсе ол есепке алынбайды. Жатқандардың жіп қармағанда қоя беруге болмайды. Өстіп ойнай береді де аяғында көп жатпай, көп сабағандардың мерейі үстем болып, көп жатқандар жеңілгенге есептеледі. Сабаған уақытта еттерін ауыртқандай, жанына батқандай қылып жіберуге болмайды. А, деп ойын басталарда бұрын жатып кезек беруге екі жағы да көнбейді. Ол туралы екі жағы да екі палуан бала алып шығып күрестіреді де, жығылған жағы бұрын жатады. Ал болмаса екі жүйрік баланы алып шығып жарыстырады да қалған жағы жатады. Мұнан басқа да шөп жасырып, қара көтер қармалап дегендей бірнеше түрлі жеребелері бар. Қой алдырған жағы жатып кезек береді. Ойнап жүрген уақытта арасында бір шу-шатақ шыға қалса, балалардан біреу «ақ шеп басы» деп айта салады. Ақ шөп басы дегенді, қорғаушы қармағанды қойсын, аналар сабағанды тоқтатсын, сөйлесіп келіселік дегені. Ақ шөп айтылғаннан кейін барлығы тең тоқтап шатақты бітіреді. Ақ шөп басы айтылған кезде қорғаушының қармағаны, аналардың сабағаны есепке алынбайды. Егер істеліп қалса ойынның тәртібін бұзған болып жарамайды. Басшылар тыйып қояды. Мұнан басқа «шап кетті» деген сөз бар, шап кетті дегені ойын басталды, қашқыла, қолға түсіп қарманып қалмағыла дегені. Мұны да ойынның басшылары айтады. Жатқан балалар ешбір іске қатысуға қақысы жоқ. Олардың ісі жалғыз жату ғана.

 
(137 рет қаралды, бүгін 1 рет)


Таңбалар:
М. ДулатовӘңгіме

Ұқсас мақалалар

Алабұға аулаған күн

  Шіліңгір шілденің бесінге таяған күні жер-әлемді қуырардай шыжып тұр; аспан әлемі қылаусыз ашық; әлгінде толқын-толқын ақша бұлттар құдды жарысқа

Атадан қалған тұяқ

  Ол жарық дүниеге келгелі туған әкесін тұңғыш рет кинодан көрді. Бұл оның әлі ақыл тоқтатпаған, бестен алтыға аяқ басқан шағы

Апасының баласы

Ұзақ жылдар бойы араласып, біте қайнасып, туыстай болып кеткен құрбысы Айымкүлдің ауылдағы тетелес сіңлісінің атына Сәлима сырттай қанық. Әуелі оның

Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі пікір жоқ! Бірінші болып пікір жазуыңызға болады!

Тек тіркелген пайдаланушылар пікір жазады.